top of page

Көлеңкемен жекпе-жек немесе оны ел игілігіне қалай пайдалануға болады

Елімізде экономикалық белсенді халықтың үштен екісі сұр немесе көлеңкелі секторларда жұмыс істейді, сондықтан дамыған елдердегідей реформалар қажетті нәтиже бермей жатыр. Бұл туралы Desht «think tank» (сараптама орталығы) зерттеуінде жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


Әлемдегі көлеңкелі экономиканың көлемін анықтау өте қиын. Соның ішінде, Қазақстандағы жағдай да дәл осындай. Кейбір зерттеулерге сәйкес, еліміз әлемдегі ең ірі көлеңкелі экономикалардың ондығына кірсе, басқа деректерде Қазақстан алғашқы отыздыққа да кірмейді.


Көлеңкелі экономика формалды экономикамен қатар дамып келеді. Оның пайда болуына және өсуіне құқықтық жүйедегі қиындықтар мен бюджеттік жүктеме ықпал етеді. Десе де, көлеңкелі экономика бір қарағанда соншалықты қауіпті болып көрінбеуі мүмкін. Көпшіліктің есінде болар, оншақты жыл бұрын жалақыны конвертке салып беру кең таралған үрдіс еді. Ол кездері ресми жұмысқа орналасу және толық таза табыс алу сирек кездесетін. Бұл мемлекеттен басқа барлығына қолайлы болды: жұмыс беруші мен қызметкер салық есебінен қаржы үнемдеді. Дегенмен егер сіз бұл мәселені тереңірек зерттесеңіз, көлеңкелі экономикамен бірге қарқынды дамуға кедергі келтіретін тиімсіздік кең таралғанын көресіз.


Қазақстанның еңбек нарығының үштен екісі көлеңке лі секторда


Қаржы министрлігі мен Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, еңбек нарығының жария секторы жалпы көлемнің 36% ғана алып жатыр. Жартылай жария сектор нарықтың 26% құрайды, оған кейбір шағын кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер кіреді, олар кейде салық төлеуден жалтарып, әлеуметтік схемаларға қатыспай, жалақының бір бөлігін конвертке салып береді. Сондай-ақ экономикалық белсенді қазақстандықтардың 38% құрайтын – жария емес сектор бар. Яғни қазақстандық еңбек нарығының үштен екісі көлеңкелі немесе жартылай көлеңкелі нарықта.

Мұнда келеңсіз тұсы мынада: егер қызметкер жалақыны қолма-қол алатын болса, онда оның құқықтары, еңбек жағдайлары мен қауіпсіздік шаралары қаншалықты сақталатынын, еңбекке қабілеттілігін жоғалту сынды өмірлік жағдаяттардан қаншалықты қорғалғанын тексеру мүмкін емес. Бұл өз кезегінде заңға бағынатын азаматтарды жұмысқа алатын жария бизнес үшін жосықсыз бәсекелестік туғызады.

Сонымен қатар көлеңкелі сектор әдетте шет аймақтарда шоғырланған, біліктілігі төмен жұмысшылардың көптігі – әлеуметтік-саяси тәуекелдермен қоса криминогендік фактор бола алады.


Көлеңкелі айналымның тағы бір келеңсіз жағы – қызмет немесе өнім сапасына бақылаудың жоқтығы. Мәселе сатып алушылардың белгілі бір бөлігі қабылдауға дайын көзге көрінетін ақауларда емес, азаматтардың денсаулығын қамтамасыз ететін қауіпсіздікте.


Жалпы алғанда, экономикалық белсенді халықтың үштен екісі заң шеңберінен тыс, олардың құқықтары қорғалмаған және олар үшін классикалық мемлекет іс жүзінде жоқ. Жария түрде жұмыспен қамтылған қазақстандықтар секторын кеңейту үшін заңнаманы жеңілдету керек, көлеңкелі бизнеске қарсы күрес жарияламай, оның қазіргі даму деңгейіне бейімделу қажет.


Елдегі заңнама жыл сайын тек күрделен іп жатыр


Қазақстанның жаңа тарихына аздап үңіліп көрейік. Мұнай эйфориясы мен жаңа ұзақ мерзімді стратегияны іздестіру аясында мемлекет 2012 жылы дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсатында «Қазақстан-2050» стратегиясын жариялады. Бұл мемлекеттік саясатты ЭЫДҰ елдерінің, атап айтқанда Еуропа елдерінің форматына біртіндеп қайта бағдарлай бастады.


Тікелей шетелдік инвестициялар инвестиция үшін басымдыққа айналды. Қазақстан ДСҰ-ға кіріп, Тұрақты даму мақсаттары мен климаттық күн тәртібін қабылдай бастады. Мемлекеттік органдар үшін дамыған елдердің ЖІӨ бойынша (Қазақстанмен салыстырғанда бірнеше есе көп) салықтары мен шығыстары өзіндік бағдарға айналды.

Мемлекеттік органдар стандарттарды осы мемлекеттерге ұқсас бейімдеуге, заңнаманы ЭЫДҰ талаптарына сәйкестендіріп өзгертуге тырысты. Бірақ мәселе біздің қоғамның дамуында еді, дамыған елдердің қазіргі ережелері бізді алға жетелемек түгіл, тіпті бәсеңдетуі мүмкін.


Дамыған елдерден мысал алатын болсақ, Қазақстанға ең алдымен құқықтық жүйені нығайтып, бәсекелестік ортаны дамытып, капитал нарығының тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. Заң үстемдігі мен бәсеке – нарықтық экономиканың негізі. Оларсыз мемлекет дамыған елдердің деңгейіне жетіп, халықтың әл-ауқатының жоғары болуын қамтамасыз ете алмайды.


Адамдар өз бастамалары үшін пайдалана алатын үлкен капитал көзі


Көлеңкелі экономика саласындағы зерттеулерімен танымал Перу экономисі Эрнандо де Сото Батыс елдері қазіргі дамушы елдердің даму сатысында тұрғанда олардың есептесетін ешкімі болмағанына назар аударады. Олар жария емес секторды қорлауды тоқтатып, оның бейресми ережелері мен нормаларын заңдастырғандықтан дамыды. Содан кейін жаңадан қалыптасқан жария кәсіпкерлер өздерінің капитал көздеріне сүйене отырып, батыс «ғажайыбын» жасады.


Эрнандо де Сото кез келген дамушы елде халықтың орасан зор активтері бар деп есептейді. Бұл олардың баспанасы, жері, ал қазір көлігі. Бірақ олар жария емес болғандықтан, қосымша құнды қамтамасыз етпейтін «өлі салмаққа» айналады. Егер мемлекет бұл активтерді заңдастырса, онда олар халыққа бастамалар үшін пайдалана алатын айтарлықтай капитал көзіне айналады. Мысал ретінде бизнес несиесін келтіруге болады.


Активтердің үлкен көлемі туралы айта отырып, олардың болжамды көлемін атап өткен жөн. GlobalWealthReport 2022 деректері бойынша Қазақстанның жалпы байлығы 523 миллиард долларға бағаланады, оның 435 миллиард доллары қаржылық емес секторда, негізінен ол - жылжымайтын мүлік.


Бұл соманың қаншалықты орасан зор екенін түсіну үшін мынадай салыстырулар жасауға болады: 435 миллиард доллар экономикаға берілген барлық несиеден 8,2 есе, жыл сайынғы тікелей шетелдік инвестициядан 18 есе, ал республикалық бюджеттің экономиканың нақты секторына жұмсалатын шығыстарынан 62 есеге артық.


Көлеңкелі секторды төмендету үшін заңнаманы оңайлату керек


Қазақстан Президентінің қыркүйектегі Жолдауында халықты көлеңкелі сектордан шығара алатын заңнаманы жеңілдетуге бағытталған бірқатар бастама айтылды.

Бірінші бастама – қала құрылысы кодексін әзірлеу, сәулет-құрылыс қызметін реттеуді жеңілдету.


Екіншісі – Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерді қайта қарау, ол «іс жүзінде жұмыс істемейтін немесе сот төрелігіне кедергі келтіретін барлық нәрселерден арылу» үшін қажет.


Үшіншісі – «мыңдаған заңға тәуелді актілер мен нұсқауларға шексіз түзетулердің орнына» түбегейлі реттеу.


Төртінші – автокөліктерді жеңілдетілген тәртіппен заңдастыру.


bottom of page