top of page

Неліктен импортты алмастыру толыққанды стратегияға жатпайды

Жоғары импорт тақырыбы тәуелсіздік алғаннан бері демесек те, көп жыл бойы қызу талқыланып келеді. Бұл мемлекет импортты алмастыру саясатына назар аударуы керек деген логикалық қорытындыға әкеледі. Оның үстіне бұл әңгімелер тек Қазақстанға ғана емес, көптеген посткеңестік және дамушы елге тән. Қазақстанның импорт жағдайы нашар ма?


1) Ішкі тұтынудағы импорт үлесі 20 жыл ішінде айтарлықтай төмендеді.


Ағымдағы бағалар бойынша есептесек, 2000 жылы Қазақстандағы ішкі тұтынудың жартысы импорт есебінен қамтамасыз етілді. 2008-2014 жылдар аралығында бұл көрсеткіш 30%-ға дейін төмендеп, содан бері тоқырауға ұшырады.


Бұл, кем дегенде, экономиканың динамика бойынша импортқа тәуелді болмайтынын көрсетеді. Әңгіме өзгерістің жоқтығы төңірегінде болып отыр.


2) Қазақстан импорт үлесі бойынша басқалармен салыстырғанда «орташа деңгейде».


2021 жылы тіркелген 27% деңгейіндегі көрсеткіш соншалықты маңызды ма? Жалпы алғанда, экономикалардың импорттық тәуелділігінің елдердің даму деңгейіне айқын тәуелділігі жоқ – табысы төмен жағдайда – 27%, табысы орташа жағдайда – 22%, табысы жоғары жағдайда – 28%.


Аймақтағы елдерді алып қарасақ, Беларусьте бұл көрсеткіш 61%-ға, Өзбекстанда 33%-ға, Ресейде 22%-ға жетеді. Аумағы жағынан үлкен және бай елдерде де көрсеткіш әр түрлі: АҚШ-та 13% және Канадада 31%.


Бұл жағдайдың аясында Қазақстан импортқа «жоғары» тәуелділігін байқатудан аулақ.


3) Қазақстандағы импорт азаматтарға тікелей байланысты емес.


Егер импортпен күресу керек болса, онда тұтынушылық импортпен күресудің еш қажеті жоқ екені анық – олар 2020 жылы 18,7 триллион импорттың 23%-ын ғана құрады. 40% - бұл тауарлар мен қызметтерді құрудағы бизнестің аралық тұтынуы, тағы 37% - «жалпы қорланым» немесе инвестициялар. Демек, ел импортының жартысы машина жасау, металл өңдеу және химия өнеркәсібіне келеді.


4) Импорт тіпті үй шаруашылығының тұтынуы үшін де аса маңызды емес.


Азаматтардың түпкілікті тұтынуының 13%-ы ғана импортпен байланысты, бұл 34,3 триллионның 4,3 триллионын құрайды. Әрине, тұрмыстық техника, автокөлік, киім-кешек, жиһаз және ұқсас тауарларда импорттың үлесі 90%-ға жетуі мүмкін. Бірақ 19 миллион қазақстандықтардың барлық шығындарын қарастыратын болсақ, бұл небәрі 5-10%-ды немесе бірнеше миллиард долларды құрайды.


Үй шаруашылықтары үшін шығынның ең үлкен бөліктері ауыл шаруашылығы тауарлары мен азық-түлік тауарлары болып қала береді – «ақша» себетінің шамамен төрттен бірі. Бірақ мұнда импорттың үлесі «шағын» – небәрі 17%. Сонда мәселенің эмоционалды жағы қандай?


Барлық мәселе жиі тұтынылатын, демек, бұқаралық ақпарат құралдарының, сарапшылардың және мемлекеттік органдардың «радарындағы» жеке тауарларға келіп тіреледі. Мәселен, ішкі нарықта қантты сату - 58%-ды, құс етін сату – 40%-ды, шұжық өнімдерін сату – 44%-ды, шырындарды сату – 46%-ды, өңделген көкөністерді сату – 83%-ды құрайды. Екінші жағынан, сүт өнімдерінде импорттың үлесі 15%, жұмыртқада - 6%, ұнда - 1%, жармада - 8% және тағы басқа тауарларда төмен деңгейде.


Бұл мемлекеттік саясатқа қалай әсер етеді?


Валюта бағамының құбылуынан, ойластырылмаған сыртқы сауда саясатынан және артынша бірқатар азық-түлік тауарының қымбаттауынан халықтың кедей топтары зардап шегетіні сөзсіз. Оларға, әсіресе көп балалы отбасыларға бұл айтарлықтай қысым түсіретіні анық.


Бірақ экономика ауқымында бұл пайыздық тұрғыда оннан және жүзден бір бөлігін ғана алатын өзгерістер. Осыған қарамастан, бұл екі оқиғаны байланыстыру әрекеттері тоқтамайды.


Мәселен, төрт жыл бұрын индустриялық саясатты әзірлеу кезінде технологиялық күрделі тауарлардың экспортын ынталандырумен қатар, негізгі тұтыну тауарларының импортын алмастыру алға жылжи бастады. Бұл дау мемлекеттік органдарды еш қымсындырмады және «Қарапайым заттардың экономикасы» бағдарламасына ұласты, десе де, тамақ, жеңіл және жиһаз өнеркәсібі ел импортының тіпті 10%-ын да құрамады.


2022 жылы импортты алмастыру «елішілік құн» деп атала бастады. Жаңа бағдарламаға рекордтық 4,3 триллион теңге бөлу жоспарланып отыр. Халықтың табысын арттырудың параллельді бағдарламасына жеке жобалар да енгізілген, бұл да бірқатар тауарлардағы, әсіресе азық-түліктегі «импортты 100% алмастыру» мақсатымен түсіндіріледі.


Импортты алмастыру тақырыбының өміршеңдігін әр қырынан қарауға болады. Саясаткерлер home bias деп аталатын құбылыстан зардап шегуі мүмкін – инвесторлар арасындағы ішкі нарықтың тартымдылығын асыра бағалау және сыртқы нарықты бағаламау. Жергілікті экономика тек біздің онда тіршілік ететініміз үшін ғана түсінікті әрі «бақылауға икемді» болып көрінеді.


Тағы бір әлдеқайда қарапайым түсініктеме - оппортунизм. Де-факто елдегі кез келген өндіріс импортты алмастырады. Сондықтан бұл тудың астында әрбір адам сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттіліктен гөрі, мемлекеттік қолдаудың басымдылығына айнала алады. Оның үстіне, импорттың үлесі маңызды емес - тіпті аз болса да, азық-түлік және ұлттық «қауіпсіздіктің» басқа түрлері бұған негіз бола алады.


Десе де, цифрлар бұлтартпас. Импортты алмастыру стратегиялық тауарлардың өте шектеулі шеңбері үшін, мысалы, әскери мақсатта немесе жаппай ашаршылықтың алдын алу үшін жақсы тактикалық құрал.


Comentarios


Los comentarios se han desactivado.
bottom of page