top of page

Экономиканы әртараптандыру: Оңтайлы құрылым бар ма

Қазақстандық think tank Desht сарапшылары экономикадағы өңдеуші өнеркәсіп үлесін арттыру жөніндегі мақсаттың қаншалықты өзін өзі ақтағанына сараптама жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Таяуда Үкіметте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Өңдеу өнеркәсібін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы қаралған болатын. Тұжырымдаманы жүзеге асырудың нәтижесінде «Қазақстанның өнеркәсіп құрылымы түбегейлі өзгеріп, онда негізгі орынды өңдеуші сектор алатыны» жүзеге асырылуы тиіс деп айтылған еді.


Осыған орай, экономикадағы өңдеуші өнеркәсіптің үлесін арттыру соңғы 20 жыл бойы Қазақстандағы белсенді индустриялық саясаттың негізгі мақсаттарының бірі саналатынын еске сала кеткен жөн. Бұған қоса «жалпы ұмтылуға боларлықтай экономиканың оңтайлы құрылымы бар ма?» деген сұрақ та туындайды.


Бұл сауалға жауап беру үшін әлі күнге дейін Қазақстан мемлекеттік саясаттағы бағдар ретінде қарастырып келе жатқан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының дамыған елдерін қарастырып көрейік. Мәселен, Ұлттық даму жоспарында 2025 жылға қарай Қазақстан ұйымға кіру жөніндегі ресми өтініш жіберу үшін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының алдыңғы қатарлы тәжірибелері мен стандарттарын енгізу бойынша жұмыс жүргізетіні мәлімделген.


Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің жалпы ішкі өнімін бағалау экономиканың оңтайлы құрылымы жоқ екенін көрсетіп отыр. Түрлі елдердің салалар бойынша минималды және максималды мәнінде айтарлықтай шашыраңқылық байқалуы мүмкін.


Айталық, ауыл шаруашылығы бойынша жалпы ішкі өнімдегі минималды үлес Люксембург пен Швейцарияда байқалады әрі сәйкесінше 0,2 және 0,6 пайызды құрайды. Ал бұл ретте максималды үлес Түркияда қалықтасқан және ол 5,5 пайызға жетіп отыр.


Өзге салалар бойынша балама мәндер былай қалыптасқан:

  • Өндіруші өнеркәсіп: минимум – Люксембургте, Бельгияда және Францияда 0,05, 0,06 және 0,07 пайыз, ал максимум – Норвегияда 22,4 пайыз;

  • Өңдеуші өнеркәсіп: Люксембург пен Австралияда 4,8 және 5,4 пайыз, ал максимум – Ирландияда 34,6 пайыз;

  • Қаржы секторы: минимум – Словакияда 2,5 пайыз, максимум Люксембургте 23,6 пайыз.

Бұл ретте кейбір салалар экономика мен қоғамды дамыту үшін маңызды саналады. Бірақ, барлық уақытта әртараптандыру тұрғысынан қызық бола бермейді. Мәселен, оған электрмен және сумен жабдықтау саласын жатқызуға болады. Бұл салалардың кез келген экономикадағы қатысу үлесін төмен екені белгілі. Бірақ, егер олар болмай қалса, онда өркениетті даму бірнеше кезеңге артқа қарай сырғитыны анық жайт.


Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Қазақстанды Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерімен тікелей салыстырар болсақ, онда жалпы ішкі өнім құрылымында үлкен айырмашылық болмай қалады. Тек тау-кен өндіру секторында ғана айтарлықтай айырмашылық байқалуы мүмкін. Өйткені, еліміздің бұл саладағы үлесі Норвегияны қоспағанда ЭЫДҰ-ның барлық елдерінің аталған сектордағы дәл осындай көрсеткішінен асып түседі.


Дегенмен, экономикамыздағы аталған сектордың мәні тек мұндай өндірумен ғана байланысты емес. Мұнайды қайтадан өңдеу, құбырлар арқылы тасымалдау, көтерме сату түріндегі тізбегі де бар. Егер мұнай-газ секторын (ал ол ЖІӨ-нің 19,4 пайызын құрайды) толығымен алып тастар болсақ, онда экономиканың қалған құрылымы іс жүзінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының шартты шегіне сай келер еді.


Қазақстан экономикасын салалар бойынша Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерімен салыстырудан тағы нені байқауға болады?

  • Салыстырмалы түрде ауыл шаруашылығы үлесінің жоғары болуы. Дегенмен, бұл саланың даму деңгейі жайлы хабар бермейді. Тек Қазақстанда өздері күнделкті тұтыну үшін өнім өндіретін ауыл халқының саны басым екені белгілі.

  • Білім берудегі жағдай да осыған ұқсас. Білім саласының жоғары үлесі білім беру жүйесінің даму деңгейімен емес, балалар санының көптігімен байланысты жайт.

  • «Голланд ауруы» анық байқалады. «Жергілікті» сала кеңінен таралған, оның өнімдері экспортқа шығарылмайды. Олар - құрылыс пен риэлторлық қызметтер, сауда мен тасымалдау (көп жағдайда импортты тауарларды тасымалдау), қызмет көрсету салалары.

  • Қызмет құны мемлекет тарапынан айқындалатын әлеуметтік блоктың іс жүзінде барлығы дерлік нашар ұсынылған.

Қандай қорытынды жасауға болады? Нәтижелі әртараптандыру үшін экономиканың оңтайлы құрылымы төңірегіндегі пікірталастар еш жауап бермек емес. Сол себепті әртараптандыру үшін ешқандай оңтайлы құрылым жоқ. Әр елдің өз тарихы бар. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің орташа көрсеткіштеріне ұмтылу да орынсыз.


Сондықтан да сөз әртараптандыру және жекелеген салалар жайында емес, дұрысында кең ауқымды әлеуметтік-экономикалық саясат турасында болуы тиіс. Онда жекелеген салалардағыдай үдемелі даму түріндегі жылдам нәтиже болмай қоймайды. Оның орнына бірқалыпты, бірақ, барлығы үшін де жан-жақты әрі тұрақты өсім болады.

Айта кетерлігі, Өңдеу өнеркәсібін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдама жобасы орта және жоғарғы дәрежеде дайындалатын өнімдерді шығаруға бағдарланған технологиялық озық өнеркәсіп құруға бағытталған. Саланы дамытудың жүйелі іс-шараларының ішінде өндірістерді шикізатпен қамтамасыз ету, жаңа кен орындарын игеру, өнеркәсіптік инфрақұрылымды дамыту және ірі кәсіпорындардың айналасында ШОБ белдеуін құру бар.


Тұжырымдама жобасы өңдеуші өнеркәсіп жобаларын 500 млрд теңгеден астам сомаға қаржыландыруды көздейді. Қарастырылып отырған кезеңде 147 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін жалпы құны 33,1 трлн теңгеге 868 жаңа жоба іске қосылады деп болжанады.


Барлық жоспарланған іс-шараларды жүзеге асыру нәтижесінде өндірістің нақты өсуін 2029 жылы 1,5 есе, ал негізгі капиталға салынатын инвестицияларды 19,8 трлн теңгеге дейін жеткізу көзделген.


bottom of page