top of page

2023 жылы Қазақстан үшін ТОП 7 реформа

Биыл Қазақстан билігі саяси, соттық және монополияға қарсы реформаларға, сондай-ақ әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін, инфрақұрылымды (соның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты) жаңғыртуға және елдің қорғаныс қабілетін арттыруға баса назар аударуы керек.


Соңғы 10-15 жыл ішінде шикізат ресурстарының айтарлықтай қорының арқасында мүмкін болған саясат пен экономикадағы орталықтандыру дамуды тежеп, жүйелі коррозияны тудырды. Реформалау – ойын ережелерін қайта ретке келтіру арқылы салаларды сауықтыру – әрекеттері сәтсіз аяқталды.


Инерция тек 2022 жылы ғана бұзылды. Қаңтар оқиғасынан кейін бүкіл жыл саясатқа және ескі элитаның бір бөлігіне қарсы күреске арналды. 20 қараша күні қазіргі президент 7 жылдық мандат алған кезде бұл бағыт бойынша салыстырмалы түрде нүкте қойылды. Әлеуметтік-экономикалық реформалар кезеңі басталды.


Қазіргі жағдайда жасалынуы мүмкін ең нашар қадам – сайлауалды тұғырнаманы жою және жаңа ұстанымдарды құра бастау. Таңдау жасалды, тұғырнама жүзеге асыруды қажет етеді, келесі сайлауға дейін басқа стратегиялық құжаттар болмауы керек. Бірақ мәселе барлығын бірден жасаудың мүмкін еместігінде: реформалар бір-біріне тәуелді, ресурстар шектеулі, «шұғыл-маңызды» санаттағы мәселелер бар.


Сонымен, алдағы жылы қай мәселелерге көңіл бөлу керек?


Саяси модернизация


Әңгіме көрінісін жасау оңай жаппай демократияландыру туралы емес, саяси сахнаны жетілдіру, атқарушы билікпен тепе-тең бола алатындай күш құру туралы болып отыр.


Аппарат реформаны өз еркімен жасамайды, бұл принципал мен агент туралы таныс мәселе. Бұл реформалауға бағытталған шараларды әлсіздендіру қаупі бар екенін білдіреді. Сондықтан реформаларды қолдаушылардың неғұрлым кең әрі заңды коалициясы қажет, оның үстіне бұл коалиция олардың охлократияға айналмайтынына әрі қайтымсыз болатындығына кепілдік беруі керек.


Реформалар тұғырнамасындағы ең маңызды шаралар – қалалар мен аудандардың әкімдерін тікелей сайлау арқылы парламент пен мәслихаттардың, жергілікті мемлекеттік басқару жүйесінің әділетті түрде қалыптасуын қамтамасыз ету, нәтижелі талқылаулар мен азаматтардың тұрақты қатысуына қолайлы жағдай жасау.


Объективті және тәуелсіз сот


Соттар парламент шығарған заңдар аясында жұмыс істейтін болады, сондықтан бұл сала екінші орында тұр. Мықты сот жүйесі атқарушы биліктің озбырлығын, оның экономикадағы заңсыз таралуын тежей алады. Қоғамдық жанжалдардың дені сотта автоматты түрде, шенеуніктердің қатысуынсыз шешілуі керек.


Іс-шараларды толық бағалауды заң қауымдастығы жүргізуі керек. Десе де судьялардың атқарушы биліктен шынайы транспаренттігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету шараларының жеткіліксіздігіне қазірдің өзінде күмән бар.


Ел қауіпсіздігі


Экономикалық «пайданы» кеңейту мен қайта бөлуді талқыламас бұрын оның физикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Дамудың пайыздық көрсеткіштерін қуып жетуге тырысудың соңы активтер мен инфрақұрылымды жойып жіберетін соғыс қимылдарына ұласуы ғажап емес, салдарынан бәрін қалпына келтіруге 10-20 жылыңызды сарп етесіз.


Әзірге Қазақстанға тікелей қауіп төніп тұрған жоқ, бірақ барлық көршілес елде демократиялық режим орнатылмаған. Ұзақмерзімді тәуекелдер бар, сол себепті осы бөлімде айтылған сыртқы саясаттан бастап, әскер мен қорғаныс өнеркәсібі кешенін жаңғыртуға дейінгі барлық шара өзекті.


Бәсекелестік


Бұл, мемлекеттік органдар әсіресе ұнатпайтын ең маңызды принцип, өйткені ол қатысу мүмкіндігін азайтады. Бәсекелестік мемлекеттік реттеуді алмастырады. Бәсекелестік адамдарды бағаның өсуінен және сапасыз өнімдерден қорғайды. Бәсекелестік тиімді жұмыс орындарын құрады және жұмысшыларға таңдау еркіндігін береді. Жылдар бойы салық төлеушілердің ақшасын жеген олигархтар мен паразит-кәсіпорындарды бәсекелестік нарықтан шығарып тастайды.


Тұғырнамада дайын блок, сондай-ақ нақты белгіленген шаралар жоқ. Монополистермен қалай күресу, көлеңкелі экономиканы қалай қысқарту немесе Салық кодексін қалай әзірлеу керектігі нақты көрсетілмеген.


Әлеуметтік қорғау


Кез келген ауыр экономикалық реформа ең алдымен қоғамның осал топтарына әсер етеді. Азаматтардың жоғалтатын ештеңесі қалмаған кезде олар мемлекеттік аппаратқа қысым жасайды. Барлық реформа кері қайтарылады немесе тоқтатылады. Бұған жол бермеу үшін олардың әлеуметтік салдарын жеңілдету қажет.


Шынайы осал үй шаруашылықтары мен олардың орналасқан жерін анықтау үшін алдымен Цифрлық отбасы картасының толық іске қосылуын қамтамасыз ету өте маңызды. Әрі қарай, барлық көмек пакетін: аз қамтылған отбасы балаларына, ерекше қажеттілігі бар тұлғаларға және оларды күтушілерге, декреттік демалыстағы аналарға, шығындарды өтеу механизмі арқылы мұқтаж жандарға арналған көмек пакеттерін пысықтау қажет.


Коммуналдық қызметтер


Азаматтардың өмірі мен денсаулығына қажетті ең негізгі игіліктер бар. Оларға су, жылу және жарық, қалалар туралы айтатын болсақ, кейде канализация да кіреді. Әрбір азамат үшін олардың физикалық қолжетімділігін қамтамасыз етпегенше, мемлекеттің басқа салалармен айналысуға моральдық құқығы жоқ.


Мәселе көп жағынан бәсекелестік пен нарықтық тарифтер арқылы шешіледі, сондықтан бесінші пунктте әлеуметтік қорғау туралы айтылған. Дегенмен нарық өз бетімен қамтамасыз ете алмайтын маңызды өңіраралық инфрақұрылым бар.


Осыған байланысты мемлекет бірқатар шараға назар аударуы керек: инженерлік коммуникациялар, желілердің тозуын азайту, электр өндіруші қуаттар мен электр беру желілері, су қоймаларын салу және қайта жаңарту.


Байланыстылық инфрақұрылымы


Көлік, логистика және цифрлық байланыс саласындағы нарық сәтсіздіктерін жою үшін де мемлекеттің маңызы зор. Бұл, әсіресе, орталық үкіметтің аймақтарды унитарлы аумаққа біріктіруіне қатысты. Тауар қозғалысы мен қызмет көрсету неғұрлым жеңіл жүзеге асырылса, нарық пен бәсеке неғұрлым кең болса, мемлекет соғұрлым тез дамиды.


Тұғырнаманың көптеген бастамасы бар: контейнерлік хабы бар Транскаспий халықаралық бағыты, шекаралық сауда-экономикалық орталықтары, 11 мың шақырым темір жолды жөндеу, Достық-Мойынты желісі, интернетке қосылудың әр түрлі нысандары.


Халық санының өсуіне байланысты қысқамерзімді инфрақұрылымдық жүктеме қаупі бар ең маңызды сала білім беру саласы болып табылады. Сонымен қатар бұл мәселені орталықтандыру қиын: әрбір шағын аудан немесе елдімекенде жер мен инженерлік желілердің жетіспеушілігінен бастап құрылысты қаржыландыру мен артық стандарттарға дейін өз қиындықтары бар. Бұл реформа емес, біріктіру мүмкін емес мыңдаған мектептің жиынтығы. Ақшаны жай ғана үйіп тастау жемқорлық қаупін арттырады.


Маңызды бағыттар мемлекеттік аппарат және азаматтардың құқықтарын қорғау болды, бірақ бұл салаларда ұсынылған реформалар толығымен сенім артатындай деңгейде болмады. Медицина саласын да атап өтуге болады, бірақ басқалардан айырмашылығы, оның динамикасы сенім туғызады және өзінің күшті институционалдық топтарын қорғайды.


«Экономиканың бірінші сабағы – шектеулі ресурстар, саясаттың бірінші сабағы – экономиканың бірінші сабағын елемеу». Министрліктер, әкімдіктер, кәсіпкерлер, қоғамдастықтар сынды төменгі деңгейлерде де проблемаларын шешуге болатын көптеген басқа сала бар.


Бірақ орталықтандырылған жүйе кезінде барлық мәселе ең жоғарғы деңгейге ағылады, ал мұнда уақыты пен назары шектеулі саясаткерлер тобы бар. Саясаткерлер барлығымен айналысады, яғни ештеңемен айналыспайды деген сөз. Нарықтың көптеген саласы мен азаматтық топтар дербес жетекшілік ете алатыны айқын.

Бұл ретте мемлекеттің табиғи монополияға құқығы бар аймақтары да бар. Ал, тарихқа сүйенентін болсақ, егер олармен мемлекет айналыспаса, кейін басқа мемлекет айналысатын болады.


Comentarios


Los comentarios se han desactivado.
bottom of page