Бір апта бұрын «Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы» бекітілді.
Жалпы, осы Ауыл тақырыбына арналған бағдарламалардың басы сонау 2000 жылдардан басталады. Осы бағыттағы бағдарамаларды ретімен тізетін болсақ:
«Қазақстан аймақтары бойынша 2001-2005 жылдары ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді, қайта өңдеуді және сақтауды ғылыми қамтамасыз ету» салалық ғылыми-техникалық бағдарламасы;
2002-2005 жылдардағы «Ауыл жылы» бағдарламасы;
2004-2010 жылдардағы «Ауылдық аумақтарды дамыту» бағдарламасы;
Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы;
Бизнесті дамытудың жол картасы – 2025 (ішінде ауыл кәсіпкерлігін дамыту шаралары қарастырылған).
Сарапшылардың айтуынша, Үкіметтің жаңа бағдарламасы шикі жасалғандықтан, арасында ауыл әлеуетін арттырудан гөрі, қоғамдық қатынастарға жік салатын жайттар көп.
ӨҢІРЛІК ЕРЕКШЕЛІКТЕР ЕСКЕРІЛМЕГЕН
Бұл тақырыпты кең қозғаған DESHT тәуелсіз талдау орталығы жаңа тұжырымдаманың бірқатар кемшілігін тізіп шыққан. Мәселен, солтүстік облыстардың ауылдық аймақтары таза аграрлық салаға маманданса, батыс аймақтарда негізінен өндіруші өнеркәсіпке бағытталған. Тиісінше, егер солтүстік облыстарда өзін-өзі жұмыспен қамту басым болса, батыста – жалдамалы жұмыспен қамту кең тараған. Мұндай ерекшеліктері ескерілмегенін айтады.
Оған қоса, қоғамның аражігін ажыратады деген екі бірдей олқылықты атап көрсеткен.
Бірінші. Артта қалған ауылдарды алға жетелеудің орнына онсыз да әлеуетті ауылдарды таңдап алып, сол арқылы қоғамда наразылық тудырғалы отыр. Яғни, жағдайы бар ауылдарды қаржыландыра отырып, мемлекет қалған ауылдарды сыртта қалдырып, ондағы халық мемлекетке қиындық тудырмайды деп сенеді.
Екінші. Шекара маңындағы ауылдардың мәселесін шешу талпынысы жасанды көрінеді. Оның арты қиын жағдайға әкелуі мүмкін. Тұжырымдамада шекара маңындағы ауыл тұрғындарының жалақысына үстемеақы енгізу ұсынылған.
Сайып келгенде, талдау орталығы тұжырымдаманың мынадай кемшілігін тізіп шыққан:
экономикалық процестерге әсер ету үшін басқарудың алдамшы тәсілдері қолданылмақ. Сондай-ақ, ауылдық аумақтарға бірдей көзқараспен қарау байқалады;
халықтың табысына әсер ету жолдары нақтыланбаған;
тиімділігін дәлелдемеген қолданыстағы тәсілдер пайдаланылғалы отыр. Оған қоса, тексерілмеген өңірлік тәжірибелерді бүкіл елге қолдану көзделеді;
қоғамдық келісімнің аражігін ажырататын «миналар» салынған;
тұтастай алғанда, тұжырымдама қолданыстағы тапсырмаларды қайталап отыр.
Comentários