top of page

ИСЛАМ ЖӘНЕ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ

Экономика ғылымы ғасырлар бойы кейбір халықтардың әл-ауқатты болуының, ал басқалардың мүшкіл халде қала беруінің себептері туралы сұрақтарға жауап беруге тырысуда. Қазақстан контекстінде үнемі еститіміз: «менталитетіміз» немесе «мәдениетіміз», әлде «санамыз» әлі жеткілікті дамымаған және өркендеу үшін жеткіліксіз. Сонымен бірге, ғылым өкілдері отаршылдық күйзелісін, кеңестік мұраны, қазақ ауылының дәстүрлі мәдениетін еске алады.


30 жыл ішінде ел трансформациялар мен өзгерістердің ұзақ сапарын бастан өткерді, оның ішінде мәдени және құндылықты өзгерістерден өтті. Тәуелсіз Қазақстанда туып-өскен және Кеңес Одағын білмеген қазақстандықтардың ұрпақтары өсті. Ұзақ уақыт бойы коммунистік идеология итермелеген атеизмнен кейін Ислам қайтадан үстем дінге айналды. Бұл мәтінде біз дәстүрлі исламның дамыған, табысты экономиканы құрудың негіздерінің біріне қалай айналуы мүмкін екенін көрсетуге тырысамыз.


Өсім көздері

Бұрын экономикалық өсім жер мен ресурстарды қажет етеді деп есептелді. Бірақ көптеген дамымаған елдерде кең аумақтар немесе бай минералдық ресурстар бар. Мәселен, Венесуэла мұнай қорлары бойынша әлемде бірінші орында тұрса, даму жағынан тек 120-орында орналасуда. Ресурстары бойынша алдыңғы қатарлы елдер қатарына Иран, Ирак, Ливия, Нигерия және Африка мен Латын Америкасының көптеген басқа елдері кіреді.


20 ғасырдың екінші жартысында экономикалық даму инвестицияны, адами капиталды және технологияны қажет етеді деген көзқарас қалыптасты. Дегенмен 200 жыл бұрын Қытай мен Үндістанда 590 миллион адам немесе әлем халқының 57 пайызы өмір сүрген. Көптеген технологиялар кеңінен қолданысқа енгізіле бастағанына дейін бірнеше ғасырлар бұрын ашылған болатын. Мысалы, ауыл шаруашылығындағы айқын серпіліс болып танылатын үш танапты егін жүйесі 8 ғасырда франк империясында ойлап табылса, көршілес Англияға тек 12 ғасырда келді. Оқ-дәрі Қытайда отшашу үшін ұзақ уақыт бойы қолданылған, алайда оның негізінде алыс қашықтықтағы қару жасау тек бірнеше ғасырлардан кейін басталды.


Қазіргі уақытта бұл факторлардың барлығы өте икемді. Әлемде ресурстар, ақша және таланттар жеткілікті және көптеген технология ашық қолданыста. Негізгі сұрақ – «неге?». Миллиондаған азаматтың білімге құштарлығын арттыруға, тынымсыз еңбек етуге, ресурстарды ұтымды пайдалануға, айналадағының барлығын үнемі жақсартуға, бизнеспен және әлеуметтік мәселелермен айналысуға ынталандыруды қалай қамтамасыз ете аламыз?


Адамда ынта қалай пайда болады? Айтарлықтай, тек өзін-өзі жетілдіру тұрғысынан ғана емес, бүкіл қоғам дамуы үшін басқалармен ынтымақтасу тұрғысынан қарағанда ол қалай пайда болады? Экономика саласында Нобель сыйлығының бірқатар лауреатының еңбектеріне сәйкес, бұған, қарапайым сөзбен айтқанда, «мәдениет» деген ұғым әсер етеді. Бұл экономикалық мінез-құлықтың негізгі себептер жүйесін, оның «мүмкіндіктер кеңістігін» қалыптастыратын сенімдер мен құндылықтарды білдіреді.


Дін және құндылықтар

Кейінгі 200 жылда қай елдер анағұрлым дамыды? Англосаксон әлемі. 1870 жылдарға дейін – Ұлыбритания, 1890 жылдарға дейін – Австралия, ал 19 ғасырдың аяғы мен бүкіл 20 ғасырда – АҚШ. Шағын мұнай елдері (Араб елдері, Норвегия) мен қаржы орталықтарын (Сингапур, Люксембург, Швейцария, Ирландия) есепке алмасақ, АҚШ – әлі күнге дейін ең дәулетті ел.


Капитализм мен нарықтық экономиканың отаны англосаксондық әлем болғанын еске түсірейік. Және бұл кейде дінмен байланыстырылады, мысалы, неміс әлеуметтанушысы М.Вебердің «Протестанттық этика және капитализм рухы» атты әйгілі еңбегінде суреттелгендей. протестанттық христиандар табанды және пайда әкелетін еңбек адамның өлгеннен кейін жанының құтқарылатынының дәлелі деп санайды. Сондықтан протестантизм адал және ұқыпты жұмыс істеу қажеттілігі негізінде құрылды. Протестанттар иелігінде әрқашан бос капитал болды, бұл ортада аскетизм құпталғандықтан, байлық рахат көзі емес, болашақ құтқарылу белгісі ретінде қарастырылды. Протестантизмнің құндылықтары мен оның «этосы» ұрпақтар бойынша тарала бастады, бұл солтүстік Еуропаның экономикалық, содан кейін геосаяси көшбасшы болуына жағдай құрды.


Бұл жерде біз тығырыққа тірелген сияқтымыз. Бізде мүлде басқа сенім мен басқа экономикалық этика. Қазақтар – дәстүрлі өмір салты үлкен табиғи ареалдарда көшпелі өмір сүрумен байланысты болған мұсылмандар. Сондықтан көбісі либералды нарық үлгісі біздің елімізде тамыр жая алмайды деп есептейді. Ал мұндай идеяларды насихаттаудың өзі қоғамда құпталмайды. Бұрынғы президенттің сөзін еске түсіріңізші: «Батыста (еркіндікке) жеңіл қарайды... біз тарихи фактілерді, халықтың менталитетін ескеруіміз керек... Бізде ешқашан либералдық дәстүрлер (демократия)... (либералдық) экономика болған емес... Мен мұны Америкадағыдай жүзеге асырғым келеді, бірақ Қазақстанда соншама америкалықтарды қайдан аламын?».


Бірақ бұл құндылықтар бізге соншалықты жат па? Мәдениетімізді қалыптастыратын күшті факторлардың бірі – ислам дінін қарастырайық. Adam Research мәліметтері бойынша:

  • Қазақстандықтардың 74%-ы исламды «қазақ дәстүрінің ажырамас бөлігі» деп санайды;

  • Қазақстандықтардың 70%-ы исламды «жеке моральдық бағдар» деп көрсетті;

  • Сонымен бірге тек 29%-ы ғана ислам «билік қызметінің бағдары» болуы керек деген пікір білдірді.

Исламның экономикалық қатынастарға қатысты ұстанымы қандай? Бұл сұраққа жауап беру үшін біз әр түрлі халықаралық ұйымдар мен сарапшылардың, соның ішінде Малайзияның Islamand Liberty Network сараптамалық орталығының, түрік жазушысы Мұстафа Акйолдың және т.б. еңбектерін пайдаланамыз. Біз, әсіресе, Адам Смит пен Дэвид Рикардодан көп уақыт бұрын экономикалық теорияның көптеген концепциясын жасаған 14 ғасырдағы араб философы және әлеуметтік ойшылы Ибн Халдунның пікіріне сүйенетін боламыз. Америка президенті Рональд Рейган Ибн Халдунның сөзін келтіріп, оның жазбалары 1980 жылдары АҚШ-тағы либералдық экономикалық саясаттың дамуына әсер еткенін атап өткен.


Сонымен, экономикалық еркіндіктің ең маңызды тіректерін қарастырайық.


1) Заң үстемдігі

«Заң алдында бәрі тең» - бұл қағиданы исламдық билеушілер сонау VII ғасырда ұстанған. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) алғашқы мұрагері халиф Әбу Бәкір бұл қағиданың маңыздылығын өз үлгісімен көрсетті. Халифтың пікірінше, оның билігі мен ережелері Пайғамбардың (ﷺ) сөздері мен ілімдеріне қайшы келмеуі керек. Ал егер ол осы заңдарды орындамаса, онда оның басқаларды басқаруға құқығы жоқ.


Екінші тақуа халиф Омар өз ұлдарын заң бұзғаны үшін жазалаған, сонымен қатар шенеуніктерден мүліктерін жариялауды және табыстың кенеттен өсуін түсіндіруді сұраған. Сондай-ақ ол бірнеше рет жемқор шенеуніктерді жұмыстан босатқан.

Ибн Халдун тек заңның үстемдігі туралы ғана емес, оның қалай қалыптасуы керектігі туралы да ойланды. Ғалым оларды бір басшы немесе билікке жақын тар топ емес, тұрғындардың көпшілігі анықтауы керек деп есептеген.


2) Меншік құқығы

Исламда мүлік жоғары деңгейде қорғалған. Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) «жан мен малға қол сұғылмау керек» деген. Ал Құранда «мүлік» сөзі 86 рет айтылады.


Бөтеннің мүлкін ұрлау немесе оған салғырт қарау заңға қайшы болып қана қоймай, күнә болып саналды. Ибн Халдун ешкімнің себепсіз мүлікті тәркілеуге құқығы жоқ деп жазды, себебі бұл мүлікке еңбектенудің қажеті жоқ, бәрібір алып қояды деген түсінік қалыптастыруы мүмкін.


Келісімшарттардың орындалуына ерекше көңіл бөлінді. Исламдағы әрбір келісімшарт, ең алдымен, адам мен Құдай арасындағы келісім болып табылады және оны бұзғандарды жазалау тек сотта ғана емес етін. Тіпті екі жаққа да әділ және өзара тиімді келісімшарттар жасау туралы сүрелер де бар.


3) Сауда

Мұстафа Акйол «Мен мұсылман ретінде неге еркіндікті жақтаймын?» кітабында исламдағы еңбек пен табыстың маңызды рөлін түсіндіреді. Мұхаммед () өзі саудагер болған және адал саудамен айналысқан. Ол 40 жасына дейін керуенмен әр түрлі қалаларға жиі саяхаттаған. Пайғамбарымыз () Мәдинаға алғаш келгеннен кейін тұрғындардың әл-ауқаты мен сауда-саттық деңгейін арттыру үшін лезде базар ашты.


Оның ілімдерінің бірін – «Табыс табатындар – Құдайдың достары» - Стамбулдағы Гранд Базардың кіреберісінде көруге болады. Ең бастысы, пайғамбарымыз (ﷺ) айтқандай, табыстың адал жолмен келуі. Құранда да коммерциялық терминдер түсіндірме үшін жиі қолданылады (370 аяттан астам).


Ибн Халдун шенеуніктердің сауданы бақылау әрекеттеріне күмәнмен қарады. Ол тым көп бюрократия қоғамның құлдырауына әкеледі деп есептеді, ал бюрократтар сауда әлемін түсіне алмайды және кәсіпкерлер сияқты ынтаға ие бола алмайды деген пікірде болған.


4) Баға белгілеу

Пайғамбарымыздың (ﷺ) көзқарасы бойынша мемлекеттік бағаны бақылауға тыйым салынады. Мәдинаға келген кезде адамдар бағаның көтерілуіне шағымданып, оны түзетуді сұрады. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ) бағаны Алла белгілейтінін айтып, «Онымен кездескен кезде, сендердің ешқайсыларың маған жан мен мал-мүлкіне келтірілген зиян үшін кінәрат таға алмайсыңдар» деп үмітін білдіріді.


Бұл эпизод нарықтық бағалар жеке адам есепке ала алмайтын орасан көп факторлардың әсерінен қалыптасатынын сол кездердің өзінде түсінікті болғанын көрсетеді. Сондай-ақ баға белгілеуге араласу меншік құқығына тікелей қолсұғушылық болып табылатыны мойындалған. Пайғамбар (ﷺ) мұндай жағдай жасаудан бас тартты.


13 ғасырдағы ислам заңгері Ибн Кудама үкіметтің кез келген араласуына қарсы болды және нарықтық механизмдерді түсінді: бағаны бақылау оның одан әрі өсуіне әкеледі. Ол саудагерлер қаламаған бағада сатуға мәжбүрлеген жерлерге тауар әкелуді тоқтататынын түсіндірді. Адамдарға қажетті өнім аз болады, сондықтан олар неғұрлым жоғары баға ұсынады. Екі тарап, соның ішінде тұтынушылар да ұтылады, өйткені оларға қажеттіліктерді қанағаттандыруға мүмкіндік берілмеді. Соның салдарынан қара базарлар өркендеп, халықтың әл-ауқаты төмендейді.


Мәдениетпен күресу керек пе?

Бұл мәтін Қазақстан зайырлы ел болып табылатын Конституцияның 1-бабын бұзуға шақыру немесе діни үгіт емес. Бұл мақалада біз атақты халықаралық ғалымдардың қосымша зерттеулеріне сүйенеміз. Исламдағы экономикалық институттарға деген осындай көзқарасты ескере отырып, қазіргі мұсылман елдері неге дамымаған деген сұрақ туындайды.


Мақалада біз тек либералды экономикалық үлгі түбегейлі өзге құндылықтарға байланысты бізге жат деген мифті жоққа шығарамыз. Қазақстан халқының басым бөлігінің мәдениетіне қатты әсер ететін ислам дінінің негіздері заңның үстемдігі мен экономикалық бостандықтардың дәл сол принциптеріне негізделген.


Төл тарихымызды ескере отырып, еркін сауда мен коммерцияға қарсы тезистерді есту де біртүрлі. Ф.Старр өзінің «Жоғалған ағартушылық: Орталық Азияның араб жаулап алуынан Темірлан заманына дейінгі алтын ғасыры» атты кітабында аймақтың әлемдік дамудағы рөлі туралы мақтанышпен айтады. Біздің территория ең ірі сауда жолы – Ұлы Жібек жолының ошағында болған. Орталық Азия қалалары «дағдылардың, идеялар мен діндердің қайнаған қазаны» болған және көптеген мұсылман ғалымдарының туған жері мен жұмыс орнына айналған.


Моңғол жаулап алулары халықаралық сауданы тек ынталандырды. Мұндай қашықтыққа жүктерді тасымалдау өте қауіпті болған – саудашылардың жолында, қарақшылардан басқа, өз талаптары мен мүдделері бар көптеген тайпалар тұрды. Моңғолдар шығыстан батысқа дейінгі кең аумаққа саяси тұрақтылық әкеліп, саудагерлерді қорғау мен айқын ережелерді қамтамасыз етті.


Әрине қазір халықтың кейбір топтары кеңестік, нарыққа қарсы сананы сақтап қалды. Бірақ қазір қайта жаңғырып келе жатқан бұрынғы дәстүрлі құндылықтар кедергі келтіре ме – бұл зерттеуді қажет ететін үлкен мәселе.


Бір анық нәрсе, қайта танымал бола бастаған исламда заң үстемдігі мен нарықтық экономика қағидаттарына қайшылықтар жоқ. Иә, қазір біз рухани тәжірибелер мен сыртқы атрибуттар туралы көбірек айтып отырмыз. Бірақ келешекте белгілі бір қағидалар адамдардың заңға, кәсіпкерлікке деген көзқарасына, сондай-ақ бюрократияның ретсіз, әділетсіз кеңеюіне теріс көзқарастарға әсер етеді.


Дамыған елдерде кезінде көшіріп аларлық «үздік әлемдік тәжірибе» болмаған. Бірақ оларда «ұжымдық үйрену» болды: барлығы қандай да бір іспен араласып, тырысып, күйіп, шынтақ итеріп жатты. Әр кезеңде бір-бірімен жұмыс істеуді жеңілдету үшін бейресми «ойын ережелері» құрылды. Халықтың, сауданың және коммуникацияның өсуімен бірге, ресми «ойын ережелеріне», сондай-ақ «билетсіздерді» ортақ игіліктер үшін төлеуге мәжбүрлейтін және ереже бұзғандарды жазалайтын мемлекеттік органдарға сұраныс пайда болды. Заңдар ойлап табылған жоқ – мемлекеттер тек баршалай қолданылатын бейресми ережелерді заңдастырып, ретке келтіріп отырды. Мысалы, қазіргі сауда құқығының бастауы барлық айтылмаған келісімді қоса алғанда орта ғасырлардағы саудагер әдет-ғұрыптарында жатыр.


Сондықтан экономикалық саясатты әзірлеу кезінде жергілікті мәдениеттің алдын ала анықтайтын факторын ескеру өте маңызды. Жүйе өзегі экономикалық өркендеуге ықпал етеді. Бәлкім, мәселе онда емес, оның түп-төркінін түсінбей, оның үстіне жат үлгілерді орнатып жатқанымызда болар.

Comments


bottom of page