Алибек Конкаков
Заманауи саясатта экономикалық теңгерімсіздік саясаткерлерді популистік риторикаға және алдамшы қызу әркеттерге бейім етеді. Халықтың табысын жасанды арттыру бағдарламалары қабылданады, бағаны бақылайтын тоқтаусыз жиындар өткізіледі, импортты алмастыру саясаты аясында субсидиялауға бюджеттен қыруар қаражат бөлінеді.
Әрине жұртшылықты жұбату үшін кезекті «кешенді жоспарды» ұсыну өте ыңғайлы. Алайда көбінесе мұның астарында экономиканы жеткіліксіз жүйелі түсіну және оның жұмыс істеуіне деген «бірқилы» көзқарас жасырынған.
Экономикалық күйзеліс кезеңдерінде салқын рационалдылық пен қатал прагматизм үстемдік еткен қарама-қарсы мысалдарды тарих біледі.
Бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін Америка Құрама Штаттары соғыс уақытындағы экономиканы бейбіт жағдайына қайта бағыттау қиындықтарынан және испан тұмауы пандемиясының күйзелісінен туындаған рецессияға енді.
Бұған жауап ретінде президенттікке үміткер У. Хардинг «бірқалыптылыққа» оралу идеясын алға тартты: экономиканы реттеуден босату және мемлекеттік шығындарды қысқарту. Бұл идеяны 1920 жылы сайлаушылар қолдады.
Бірақ ол 1923 жылы қайтыс болды. Алайда оның мұрагері Кэлвин Кулидж экономикаға үкіметтің шектеулі қатысуының маңыздылығына сенді және «бірқалыптылыққа» оралудың қажеттілігін одан бетер қолдайтын жақтаушы болды.
Кулидж саяси стиліне бола «Тыныш Кэл» деген лақап атқа ие болды. Бірақ оның сырттай алшақтық пен байсалдылығының артында беріктік пен бірбеткейлік қасиеттері болды.
Кулидж мемлекеттің «тұтастығын» жан-жақты нығайтты. Ол қазіргі заманғы байланыс түрлерін, әсіресе, радионы белсенді қолданды және бейне жазба арқылы сөйлеген тұңғыш президент болды. Баспасөзбен жиі тілдесетін ол ең көп баспасөз мәслихатын өткізген президент атанды.
Ол өз сөзінде саяси философиясын алға тартып отырды, бұл өз алдына оның саясатына деген халықтың сенімін нығайта түсті.
Сонымен бірге ол экономика істеріне іс жүзінде араласқан жоқ. Ол орталықсыздандыруды және федералды деңгейден штаттарға табыстауды қолдаушы болды.
Кулидж мемлекеттің экономикадағы рөлін «конструктивті үкімет» тіркесімен түсіндірді, бұл мемлекеттік шығындарды тиімді пайдалануды білдіреді.
Кулидж предиденттігі кезінде мына шаралар қабылданды:
- Кәсіпкерлік пен салаларды реттеудің төмендеуі.
- Фискалдық тәртіп пен мемлекеттік бюджет шығыстарын қысқарту: мемлекеттік бағдарламалар мен агенстволарды қысқарту.
- Салық мөлшерлемелерін төмендету: В.Хардинг пен К.Кулидждің президенттігі кезінде табыс салығының мөлшерлемесі 77%-дан 25%-ға дейін күрт төмендеді.
Федералдық шығыстар тұрақты болды және 1920 жылдар бойы үздіксіз бюджет профициті болды. Бұл федералды қарыздың төрттен бір бөлігін өтеуге ықпал етті.
Бірқалыпты үкімет философиясы және фискалдық тәртіп саясаты К.Кулиджге мемлекеттік институттарға деген сенімді қалпына келтіруге, елдің қаржылық жағдайын нығайтуға және өнеркәсіп пен бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасауға көмектесті.
Кулидждің дәйексөздері оның экономикалық саясатқа деген көзқарасын көрсетеді:
«Адамдар үкімет үшін аз, өзі үшін көп жұмыс істеуі керек»;
«Мен біздің институттарымыздың қайырымдылығын көргім келеді. Бірақ мен адамдардың үкіметтен қайыр сұрағанын көргім келмейді, олар өз тағдырларына өздері қожа болу керек. Мен кәсіпкерлікті тиімді жұмыспен қамтамасыз етуіне ынталандырғым келеді. Мен жұмыс іздеп жүрген адамдарды емес, адамдарды іздейтін жұмыс орындарын көргім келеді. ...Мен әрбір адам қаншалықты қарапайым болса да, өзінің заңмен қорғанлғанын білсе екен деймін...».
Кулидж президенттігі тұсындағы кезең «дүрілдеген жиырмасыншы жылдар» деп аталды. Жалпы ұлттық өнім 1923-1928 жылдары орта есеппен жыл сайын шамамен 3%-ға өсті. Жұмыссыздық деңгейі 3,3%-ды құрады.
Елдің салауатты қаржылық жағдайы халық тұтынатын тауарларды өнеркәсіптік өндіріске жеке меншік инвестицияларды, радио мен кино индустриясының дамуын қамтамасыз етті. Инфрақұрылым белсенді түрде салынды, әсіресе жолдар мен электр желілері. Автомобильдер жаппай өнімге айналды – олардың АҚШ-тағы саны 7 миллионнан 23 миллионға дейін өсті.
Кулидждің президенттіктен кейінгі мұрасы Ұлы депрессия салдарының қасында көлеңкеде қалды. Бірақ оған дейін де дағдарыстар болған – соғыстан кейінгі депрессия, 1924 және 1927 жылдардағы дағдарыстар. Бұл катаклизмдердің осыншалықты апатты салдары болған жоқ, экономика тез қалпына келді. Мұның бәрі Кулидж әкімшілігі саясатының тиімділігін көрсетеді.
Кейінірек экономист М.Фридман 1929 жылғы қор нарығының құлдырауы дәл мемлекеттің, дәлірек айтсақ, президент Гувер тұсындағы қате монетарлық саясатының салдарынан депрессияға айналғанын дәлелдеді. Кейінірек мұны Нобель сыйлығының лауреаты, ФРЖ-ның бұрынғы төрағасы Б.Бернанке де растады.